Жоба жайында
Дүйсенбі мен жұма аралығында көрсетілетін «Жетінші арнаның» тың туындысы «Жар-Жар» ток-шоуы. Бағдарлама қазақтың салт-дәстүрін сақтай отырып, адамдарға екінші жартыларын табуда көмек көрсетуді көздейді. Бабаларымыз 13 жаста отау иесі дей отырып, осы жастан бастап балаларының болашақ тағдырын алдын ала шешуге тырысқан. Дәстүр бойынша жеңгелер тұрмысқа шықпаған қайын сіңлілеріне жар қарастырған. Кейінгі уақытта бұл дәстүр ұмытылуда. «Жар-Жар» бағдарламасының мақсаты — ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін жандандыра отырып, жастардың отбасы бақытына қол жеткізулеріне жәрдемдесу.
Байқау нәтижелері!
«Жетіншімен бірге жарасымды жұпты таңдаңыз»
25 шілде 2011 жыл, Астана. «Жетінші арна» және «Жар-Жар» бағдарламасы «Жетіншімен бірге жарасымды жұпты таңдаңыз» атты жас жұбайлар байқауының қорытындысын жариялайды. Байқау қорытындысы бойынша «Жетінші арна» ірі қазақстандық туристік оператор «Гүлнар Турмен» бірлесе отырып жеңімпаздарға әлемнің үздік шипажайының біріне демалыс жолдамасын сыйлайды.
Естеріңізге салсақ, ағымдағы жылдың бірінші шілдесінде «Жетінші арнада» «Жар-Жар» бағдарламасы арқылы жұптасқан жұбайлар арасында «Жетіншімен бірге жарасымды жұпты таңдаңыз» байқауы жарияланған болатын. Көрермендеріміз өз дауысын байқауға қатысқан жұптардың ішінен жарасымды деп санаған жұптың біріне арнамыздың ресми сайты www.tv7.kz. адресі арқылы жіберуге мүмкіндік алған болатын. Әр жұптың махаббат оқиғасы өз алдына әдемі, әрі ерекше екендігіне дауыс беруге қатысқан көрермендер көз жеткізе алды, өйткені сайтта байқауға қатысқан төрт жұптың махаббат оқиғасы мен жұптардың фото суреттері орналастырылған болатын. Дауыс беру 1 шілде мен 24 шілде аралығында жүргізілді, ал бүгін көптен күткен байқау қорытындысын жариялаймыз.
Байқаудың жеңімпаз жұбы, 87 пайыз дауыс жинаған Самбетбай Тазабек пен Жақсылыққызы Кәмшат. Отбасылық бақытқа қоса жас жұбайлар тамыз айының басында Бодрумның көкшіл жағалауына саяхатқа аттанады.
Тазабек пен Кәмшат бағдарламаға қатысқаннан кейін ара-қатынастарын заңды түрде тіркеуге шешім қабылдаған алғашқы жұп. Тазабек отыз жасында табысты карьера жасаған, аяғында нық тұрған жігіт. Лайықты жар табу арманы оны «Жар-Жар» бағдарламасының студиясына әкелген болатын. Тазабекпен танысуға шақырылған үш қыздың ішінде Кәмшатта шақырылды. Бағдарламаның осы шығарылымына қатысқан барлық арулар «күйеу жігітке» ұнайтындай лайықты жандар. Кезек «қалыңдық» таңдауға келгенде бағдарлама жүргізушілері мен Тазабектің шешімі қатар келмеді. Тазабек қолындағы гүл шоғын сымбатты да, ақылды, Кәмшатқа сыйлады. Кәмшат өзінің аспаздық шеберлігі мен болашақ жарына деген қамқорлығын таныта білді. „Жар-Жар“ жобасының қатысушыларының алғашқы үйлену тойы Наурыз мейрамы қарсаңында, қазақтың барлық әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін сақтай отырып өткізілген болатын.
Жар-Жар» бағдарламасының телеарналардағы «тележеңгетай» қатарындағы шоулардан ерекшелігі, оның заманауи қоғамда ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерге құрмет жайында баяндауында. Бағдарлама жүргізушісі Данагүл Темірсұлтанова: «Осылайша біздің бағдарлама арқылы бір-бірін тауып жатқан жұптарды көрген сайын өзім жар тапқандай қуанышқа бөленемін. Бағдарламамыздың берік, әрі ұзақ мерзімді қарым-қатынас құруға көмектесетіндігіне сенімдімін. Жас жұбайларға ұзақ, әрі бақытты ғұмыр тілеймін, ал өмір серігін таппағандарға «Жар-Жар» бағдарламасына қош келіңіздер демекпіз «- деп, ағынан жарылды.
«Жетінші арна» Тазабек пен Кәмшатқа шын жүректен ашық аспан, отбасылық бақыт пен шаттық тілей отырып, байқаудағы жеңістерімен құттықтайды.
Жар-Жар бағдарламасына қатысу үшін сауалнаманы толтырыңыз.
Байланыс телефондары: 8 701 125 93 51, 8 777 686 30 16
Веб-сайт: www.jarjar.kz