Үш жасар баланың өліміне кінәлілер босатылуы мүмкін
Павлодарда қателік жіберген дәрігерлер сот алдында жауап беретін болды. Түберкүлезге қарсы балалар шипажайының дәрігері мен медбикесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Олар үш жасар Марк Фроловқа кәсіби көмек бермей, өлтіріп алғаны үшін айыпталып отыр. Заң бойынша, медицина қызметкерлері бірнеше жыл түрме жазасына кесілуі мүмкін. Бірақ дәрігерлердің ақталуы да ықтимал.
ЖАНАР АБЫЛҚАЙЫРОВА - ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ІІД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
«Осы қылмыс орташа-деңгейдегі қылмысқа жатуы мүмкін, сондықтан амнистияға ілігуі мүмкін. Бірақ адвокаттардан ешқандай өтініш түскен жоқ. Ал біз өз тарапымыздан осы қылмыстың сотқа дейін жетуін талап етеміз».
Естеріңізге салайық, өткен жылдың қазан айында түберкулезге қарсы балалар шипажайында үш жасар бала ми ісігі мен жүрек аурынан көз жұмған еді. Кейін сап-сау балғынның дәрігер қателігінен қайтыс болғаны белгілі болды. Оның денсаулығы нашарлап кеткенде медбикелер көмектесудің орынына клизма жасап, жағдайды ушықтырып жіберген. Олар бала әбден қысылғанда ғана жедел жәрдем шақырады. Алайда кезекші дәрігер баланың жағдайына телефон арқылы баға беріп, көмек көрсетпеген. Қазір кінәлілерден ешқайда шықпау жөніндегі қолхат алынды.