30.07.2010 22:30 видео «Ару» атанғысы келетін келіншектер іріктеу сынына қатысты

Астанада ару атағын иемденуге ниет еткен бір топ келіншек іріктеу сайысына қатысты. Тұрмыстағы әйелдер бақ сынасатын «Миссис Қазақстан» сайысы екінші рет қана өтіп жатыр. Соған қарамастан, тілек білдірушілер көп болды. Біздің тілшіміз де талаптары таудай ханымдармен тілдесіп қайтты.

Айнұр Омар – тілші

«Мына сахнаға бала-шағасы, отбасы бар, жұмыс істейтін, ақылына көркі сай кез келген әйел қатыса алады. Бойдың ұзындығы, белдің жіңішкелігі сынға түспейді бұл жерде. Тек таудай талабың болып, бармақтай бағың жанса жеткілікті».

Іріктеу сынына келгендердің жастары да, қызметтері де, балаларының саны да әртүрлі. Ішіндегі ең жасы 21-де болса, үлкені 39-ға келген. Қолдарына бір-бір парақ алып, өздері туралы ақпаратты мұқият жазды. Келіншектер арасында прокурор, мұғалім, кәсіпкер, биші де бар. Жарыс талабына сай барлығы аяулы ана, адал жар, жақсы қызметкер.

Мәдина Сағымбаева - «Миссис Астана» байқауына үміткер

«Мен өз-өзімді барлық қырымнан танытқым келеді. Жұмыстағы да, отбасындағы да міндетімді мінсіз атқарамын. Енді сахнада бағымды сынағым келеді. Меніңше, Қазақстанның кез келген әйелі «ханым, ару» атануға әбден лайық».

Шарт бойынша әйелдер өз өнерін көрсетіп, интеллектуалды сұрақтарға жауап береді. Сахнаға балаларымен бірге шығып, олардың да қабілетін көпке паш етуі керек. Аспаздық шеберлік те жарыстан тыс қалмаған. Келіншектердің барлығы «бір кездері орындалмай қалған «ару» атану арманына енді қол жеткізуге болады» дейді.

Шынар Мұстафаева - «Миссис Астана» байқауына үміткер

«Студент кезімде, әрине, ол кезде қатысуға мүмкіндік болды. Сосын тұрмысқа шығып, баламен үйде отырдым. Одан кейін бәрі қалды. Конкурсқа қатысуға үйде ғана емес, басқа жерлерде де өз-өзімді көрсеткім келеді».

Іріктеу сынынан өткендер алдымен Астанада өтетін жарысқа қатысады. Ал одан жеңгендер Алматыда бүкіл Қазақстаннан жиналған мықтылармен сайысады. Бас жүлде «Джип» автокөлігі. Оны иеленген ақылына көркі сай келіншек Кореяда өтетін «Әлем миссисі» байқауына жолдама алады.

Астана

Айнұр Омар
Жаңалықтар мұрағаты  

Телебағдарлама

Бүгін
Барлық бағдарламалар