Он мыңнан астам тұрғыны бар Ақбұлақ ауылының халқы ауызсуға зәрі. Алматының дәл іргесінде орналасқан азаматтар тіршілік нәрін көрші ауылдардан тасып ішуге мәжбүр. Шамасы келгендер өздігінен құдық қазып алған. Алайда жер астынан шыққан суды СЭС мамандары ішуге жарамсыз деп тауыпты. Ауылдағы ағайынның ахуалын біліп қайтқан тілшіміз Диас Нұрақын тарқатады.
Ербол Мұқан Ақбұлақ ауылына осыдан он алты жыл бұрын көшіп келіпті. Содан бері ауыз судың азабын әбден тартқан ол тоғыз метр тереңдіктен су шығарып алған. Алайда мұны тек шаруашылық жұмыстарға жұмсайды. Ал ауызсуды дүкеннен сатып алады екен.
Ербол Мұқан - ауыл тұрғыны
«Мына суды ішуге болмайды. Экспертизаға апарсақ, «технический су» дейді. Ішер суды қаланың ішінен барып аламыз. Магазиннен сатып аламыз. Ал стройкаға, киім жуғанға осы суды пайдаланамыз».
Бұл ауылды толық таза сумен қамтамасыз ету үшін қосымша 18 шақырым су құбырын жүргізу қажет екен. Бұған қоса, бұрынғы құбырлар да тозып біткен. Алайда оларды жаңартып, әрбір үйге су жеткізуге жергілікті әкімшіліктің қауқары жоқ. Сондықтан бұл мәселе бүгін-ертең шешілмейтін түрі бар.
Ғани Әлі - Алатау ауданы әкімдігінің бөлім бастығы
«Қаражаттың шешілуіне байланысты. Біздікі халыққа ауызсу жетпей жатқаны жөнінде қалаға ұсыныс беру. Қалада қаржы мәселесі шешілген жағдайда, қала арқылы жүргізіледі».
Ақбұлақ халқы ауызсуды үш шақырым жердегі мына құбырдан тасып ішеді. Бұл жерден су алу үшін күн ұзаққа ұзын-сонар кезек күту қажет. Ал ауыл Алматының дәл іргесінде орналасқанына қарамастан бір тамшы таза суға зәру.
Алматы