Түркістанға барып «Аққу» немесе «Сұңқар» атанғысы келген бір топ жолаушының жолы болмады. Оларды Шымкенттен шыға берісте ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тоқтатты. Сондай-ақ, жолаушыларды зиярат етуге заңсыз жолмен алып бара жатқан «Ата жолы» ағымының өкілдері қолға түсті. Оқиға орнында болған тілшіміз Айнұр Ақбаеваның репортажы.
Шымкенттен шыға берісте тоқтатылған ескі автобустың ішінде адам лық толы. Ішінде жасы да жасамысы сығылысып отыр.Мұнда өзбек азаматтары да бар.
«Сенің атың кім?
- Атабек.
- Қайдан келдің?
- Өзбекстаннан».
Алайда жолаушылардың дені қандай да бір теріс ағым туралы ештеңе білмейміз деп ақталды. Өйткені олардың арасында алыс сапарға алғаш рет шыққандары да бар екен. Бір анығы, Түркістанға жету үшін әрқайсысы 17 мың теңгеден төлеген.
«Сіңлімнің қызының денсаулығы жоқ. Арыстанбабқа тілеп сол жерге жаңағы ата-бабадан тілеп денсаулығын тілеп келе жатырмыз
- Ата бабадан емес Алладан десеңізші
- Алладан да тілеймін. Ата бабадан да тілеймін».
Десе де, қандай да бір әрекет етуіне заң бойынша қатаң тыйым салынған «Ата жолы» ағымы әлі күнге дейін астыртын жұмыс істеп келеді. Бұған осы рейд дәлел.
Абдулла Баһадүр - «Нұр-Мұра» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
«Мұндай ағымдар қазір бизнес жасау ағымдары. Әулиеден тілейміз, әулиемен сөйлесеміз, әруақпен сөйлесеміз пайғамбармен сөйлесеміз не деген сұмдық. Басқа кірмейтін нәрсе. Шариғатқа қарсы нәрсе».
Жолаушыларға ағым өкілі ретінде таныс азамат тәртіп сақшыларының алдында жеке кәсіпкермін деп құбылды.
«Адам кетіп бара жатыр. Ішінде 17 мыңнан жинадық. Оның ішінде бір семьядан екеу шыққандар бар. Оған жеңілдік болды. Арыстан бабадан бастап Түркістан, Тараз Алматыға зиярат жасаймыз».
Әбден тозығы жеткен көліктің ішінде аяқ алып жүретін жер жоқ. Әрине жолаушылар Түркістанға демалу үшін емес ауруына шипа іздеп бара жатыр. Дегенмен «сырқатынан сауығамын деп, сектанттардың арбауына» іліккенін сезбей қалған жұрттың сапары осы жерден аяқталды.
«Қарсылық көрсетіп, көлікке мінбей жатқан сәті».
Жөндерін айтпай қарсылық көрсеткен өзбек азаматтарын тәртіп сақшылары алып кетті.
«На русском разговариваете?
- Я ничего не буду говорить.
- Вот этот товарищ приехал на зиярат незаконно, пересек границу через Яламу. Его сюда привез организатор секты Ата жолы, сейчас он направляется Туркестан».
Ал, емделемін деп «сергелдеңге» түскен кейуаналар жүктерін арқалап жол ортадан түсіп қалды. Сапарды ұйымдастырушылар жолаушылардан бас аяғы 340 мың теңге және екі қой алғаны анықталған. Қазір ұсталған азаматтардың кінәсін толық дәлелдеу үшін тергеу жұмыстары басталып кетті.
Оңтүстік Қазақстан облысы