Жаңалықтар
3 Ақпан 2012, 19:00
Денсаулық сақтау министрлігіне ана мен бала өлімінің себептерін анықтау тапсырылды
Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі ескерту алды. Премьер-министрдің орынбасары ведомстваға еліміздегі ана мен бала өлімінің нақты себептерін анықтауды тапсырды. Аталмыш министрліктің алқа мәжілісіне қатысқан Ербол Орынбаев құзырлы мекемеге жарты жыл уақыт берді. Осы аралықта ведомствоға ана мен бала өлімінің неліктен болып жатқанын анықтау керек. Десе-де бас дәрігер Салидат Қайырбекова ана өлімінің 1,5, ал бала өлімінің 10 пайызға азайғанын жеткізді. Алайда, онкологиялық ауру белең алған. Бүгінде елімізде 140 мыңнан аса науқас тіркеуде тұр. Осы кеселден жыл сайын 12 мың адам көз жұмады екен. Мамандар жуық арада еліміздің әрбір бесінші тұрғыны онкологиялық ісік ауруына шалдығады деген қатерлі болжам жасайды. Сондықтан бүгінде қауіпті ісікті алғашқы күнінен бастап анықтауға баса мән берілген. Ал кешенді емдеу жүргізу үшін биылғы жылы ірі онкологиялық орталықтың құрылысы басталады. Күресуді қажет ететін тағы бір мәселе - құрт ауруы.
САЛИДАТ ҚАЙЫРБЕКОВА - ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
«Түберкулезбен күрес маңызды мәселе болып қала бермек. Бұл бағыттағы қаржыландыру да артып отыр. 2011 жылы құрт ауруын жабық мекемелерде емдеуге көп көңіл бөлдік. Сондықтан сырқаттың таралуын 9, ал өлім-жітімді 23 пайызға азайттық. Десе-де бұл мәселе өзектілігін жоғалтпайды».
Сонымен қатар министр «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында басталып, құрылысы тоқырап қалған ауруханалардың құрылысы биыл жалғасатынын жеткізді. Салидат Қайырбекова сонымен қатар, әріптестерін жемқорлыққа жол бермеуге шақырып, медицина мен жемқорлықтың үйлеспейтін ұғым екенін еске салды.
Астана
Айгүл Әдепбай
Пікір