10.03.2010 22:30 видео Мәжіліс үш жылдық бюджет жобасын мақұлдады

Бүгін Парламент мәжілісі 3 жылдық бюджет туралы заң жобасын мақұлдады. Соған сай, әлеуметтік сала мен шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық берілмек. Үкімет басшысы аймақтардағы ахуалы қиындау кәсіпорындарға ауқымды көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Яғни, олардың несиелерінің пайыздық мөлшері бюджет есебінен төмендетілмек. Ал, әлеуметтік нысандардың құрылысын, оның ішінде бала-бақшалардың санын күрт арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, Алматыдағы метро құрылысының да мәселесі шешілетін болды.

Ербол Мәндібек, тілші

«Қазақстанның алдағы үш жылға жоспарланған басты қаржылық құжатын талқылау кезінде түрлі сауалдар туындады. Олардың басым бөлігі үш жылдық бюджетке енгізілген қомақты шығындарға қатысты. Осы тұста депутаттар, жиырма жылдан астам жырға айналған Алматы жер асты жолының құрылысын тағы да тілге тиек етті.»

Амангелді Момышев- ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

«Алматының метрополитені тағы да қаржы сұрап жатыр. Ол қашан бітеді? Тасмағамбетов айтты бітірем деп, Есімов айтты бітірем деп. Содан бері метро тоқтап тұр. Тағы ақша сұрап жатыр бюджеттен. Менің ойымша оны жауып қою керек. Ол ақшаның соры. Бочка, кете береді».

«Сондықтан, метро құрылысына мемлекет ақша бөлуін тоқтату керек.

Депутат Амангелді Момышевтың бұл ұсынысын барлығы бірдей қолдай қоймады.

Гүлмира Исімбаева- ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

«Қырықына шыдағанда, қырық біріне шыдау керек. Сондықтан, Үкімет Парламент болып қайта сол метроның салынып бітуіне ат салысайық».

Ұсыныс құпталды. Метро құрылысы тоқтамайды. Бюджеттен қажетті қаржы бөлінеді. Бірақ, оның нақты қанша екені әзірге беймәлім.

-Метроның құрылысына қанша ақша бөлінетін болды?

-Аа, әзірге оның нақты сомасын айта алмаймын.

Ал, депутат Нұртай Сабилянов метроға кеткен шығынның ақталуы екі талай деген пікірде.

Нұртай Сабильянов- ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

«Метро болашақта жұмыс істесе кеткен қаржыны ақтайтынына кепіл жоқ. Ешкім олай айта алмайды».

Осылайша, үш жылдық бюджеттің артық-кем тұстарын таразыға салған депутаттар ақырында құжатты қабылдады. Премьер-министр өз тарапынан ризашылығын білдірді.

«Сіздерге көп рахмет! Біз сіздермен бірге қоян қолтық жұмыс істейміз».

Енді үш жылдық бюджеттің жобасы Сенаторлардың сенімінен шықса, Президенттің қарауына жол тартады.

Астана

Ербол Мәндібек
Жаңалықтар мұрағаты